РУС

КАЗ

ENG

ПУБЛИКАЦИИ И ТРУДЫ

Учебные пособия
Статьи
Публикации в СМИ
Экспертные заключения
Свидетельства и патенты
Монографии
Отзывы и рецензии
Научные и иные проекты

 

Новая страница

Кім екені анықталмаған адамның өлігін табылған жерінде қарау ерекшеліктері және оған идентификация жасаудың қазіргі кездердегі мүмкіншіліктері.

 

Б.Ш.Сарсембаев., КИАО «Болашак»
В.В.Любимов КЮИ МВД РК им. Б.Бейсенова
г.Караганды, Казахстан

 

Өлікті табылған жерінде қарау – оқиға болған жерді қарау тергеу әрекетінің құрамдас бөлігі болып табылады.

Бұл тергеу әрекетін тергеуші сот-медициналық сарапшының қатысуымен жүргізеді. Кім екені белгісіз өлікті тапқан кезде қылмысты дер кезінде ашу өте қиынға түседі, себебі анкеталық деректер арқылы тұратын және жұмыс істейтін жерін т.б. мәліметтер алуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан кім екендігі анықталмаған өлікті қараудың негізгі ерекшелігі оның кім екендігін анықтауға арналған шараларды жоспарлау болып табылады.

Белгісіз адамның кім екенін анықтау – сыртқы белгілері, саусақ таңбалары, сүйек қалдықтары, рентгенограммалар, фотосуреттер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

Өліктің кім екенін анықтау үшін әр түрлі сыртқы белгілері- анатомиялық, функционалдық белгілер мен киім-кешектің ерекшеліктері  пайдаланылады. Адамның сыртқы белгілері жалпы және өзіндік топтық немесе жеке мәні бар белгілер, сондай-ақ ерекше және айқын белгілер болуы мүмкін. Адамның жалпы белгілері тұтас алғандағы сыртқы келбетінің элементін, мысалы басының көлемін сипаттайды.Өзіндік белгілері адамның сырт пішінінің белгілі бір бөлігін сипаттайды. Топтық мәні бар белгілер халықтың белгілі бір ( нәсілдік, ұлттық, этнографиялық, ж.т.б.) топтарына тән болады. Жеке белгілер адамды белгілі бір топ ішінен айырып-ажыратуға мүмкіндік береді. Ерекше белгілерге – адамның өзінде ғана болатын сирек ұшырасатын белгілері (дене құрлысындағы туа біткен немесе кейіннен пайда болған кемістіктер, денеге салынған суреттер, меңдер мен қалдар, операция жасағаннан, жарақат алғаннан қалған тыртықтар және т.б.) жатады. Ал сыртқы айқын белгілерге – көзге көрініп тұрған белгілері мысалы адамның бойының ұзын немесе қысқа болуы, толықтығы ж.т.б. жатады.

Танылмаған өліктер мен сүйек қаңқаларының кімдікі екендігін анықтау көп қиындық келтіреді.Оқиға болған жерде белгісіз адамның мәйіті табылған жағдайда, оның жалпы түрін, бетін екі қырынан және қарсы алдынан жеке суретке түсіріп алады. Қажет болған жағдайда суретке түсірер алдында өліктің бет-әлпеті тазартылады.

Ерекше белгілері – тыртықтары, меңдері мен қалдары, денесіндегі салынған суреттері мен жазулары т.б. суретке үлкейтіліп түсіріледі.

Шіру, кеуіп кету, өрттің әсері және басқа да зақымданулар салдарынан өлік бетінің сыртқы жағы өзгерген жағдайларда оларды мүмкіндігінше қалпына келтіру керек.

Оларды қалпына келтірудің әр түрлі әдістері бар және олар өліктің жалпы жағдайына байланысты болады.

Белгісіз адамның кім екенін анықтау үшін оның саусақ іздерін де қолдануға болады. Себебі тері таңбалары әр адамда әр түрлі болады және мұндай таңбалары бірдей екі адамның кездесуі мүмкін емес.Өлікте тері таңбалары кебу (қақталу) және шіру процесстерінде өте тұрақты болады.

Өліктің қатты шіріп, суда болғандықтан былжырап кеткеніне (мацерация) қарамастан саусақтарды арнаулы өңдеуден өткізгеннен кейін ұқсастыруға жарамды таңбалар алынады. Өліктің сіресуі салдарынан бүгіліп қалған саусақтарды жазу үшін сіресу құбылысын механикалық  жолмен бұзу әдісі қолданылады. Егер саусақтардың эпидермисі мүлде болмаса, папиллярлық таңбаларды « өлім қолғабынан » алуға болады, ал егер ол да сақталмаса, тікелей терінің өзінен алынады.

Қазіргі кезде тәжирбе көрсетіп отырғандай осындай зерттеулерді жүргізгенде елеулі қиындықтар кездесуде. Біздің пікірімізше бұл қиындықтар белгісіз өліктерді қарауға байланысты нормативтік құжаттардың кемелденбеуінен. Міне сол себептен белгісіз өлікті тапқан  және қараған кезде осыған ынталы әр түрлі мекемелердің адамдарының нақты функционалдық міндеттерін анықтайтын нормативтік құжат қажет деп санаймыз.

Егер адам денесі шіріп кеткен болса оған сүйек қаңқалары бойынша идентификация жасауға болады. Мұндай зерттеу жүргізгенде белгісіз адамның жасын, жынысын, бойын, кемістіктерін, ауырған аурулары мен алған жарақаттарын сипаттайтын деректер алуға болады.

Тергеу барысында табылған қаңқа белгілі бір адамның өлігінікі деген жорамал туған кезде сарапшы өзінің қаңқаны зерттегенде тапқан белгілерін хабар-ошарсыз кеткен адамның белгілерімен салыстыра отырып, белгісіз өліктің кім екенін анықтайды. Бас  сүйек бойынша адамның бет-әлпетін  қалпына келтіруге болады.

Сонымен қатар фотосуреттерді пайдалану арқылы өліктің кім екенін анықтауға болады. Зерттеу нәтижесінде сол фотосуреттерде бейнеленген бір адам ба әлде басқа адамдар ма деген мәселелер шешіледі.

Сот-медицина сараптамасын жүргізгенде  өліктің кім екенін қаңқалары бойынша анықтау ісінде фотосуреттер салыстырылатын материалдар ретінде пайдаланылуы мүмкін. Өліктің бас сүйегі мен хабар-ошарсыз кеткен адамның фотосуретін салыстырып зерттеу, табыс етілген фотосуреттерді бас сүйекпен салыстырудан басталады. Бастың және бас сүйектің бейнелерін қабаттастыру түрлі әдістермен жүзеге асырылады. Сот-медицина тәжирбесінде көбіне фотоқабаттастыру әдісі қолданылады.

Оқиға болған жерді қараған кезде өліктік құбылыстар арқылы өлім уақытын анықтау мүмкін болмаған жағдайда өлік жатқан жердің флорасы мен фаунасын қарау қажет.

Жылдың жылы кезінде шыбындар өліктің табиғи тесіктерінің (көз, ауыз, мұрын т.с.с.) төңірегіне, сондай-ақ жараланған жерлеріне ұрық салады. Олардың ұрықтарынан 10-30 сағат ішінде құрт шығып, олар жұмсақ ұлпаларды тез бұзады.

Сөйтіп, ауа температурасы 15-20 0 С болған жағдайда шыбынның өсіп шығуына шамамен 3 апта керек, ал температура неғұрлым жоғары болса, шыбынның көбею процессі тездейді. Осы тұрғыдан алғанда, өліктегі шыбынның көбею сатысын анықтау адамның қашан өлгенін анықтауға көмектесе алады.Міне сол себептен оқиға болған жердегі өліктің денесінен шыбынның ұрықтарының үлгілерін алып оларды бекіткіш сұйықтарға (спирт, формалин) салып қою керек.

Жерде шөп үстінде жатқан өлік болса оның астындағы шөптің ұзындығы мен түсіне көңіл аудару керек. Адамның денесі мен киімінің астында жатқан шөп өзінің түсін ашық-жасылдан сары-жасыл түске дейін 5-8 тәулікте өзгерте алады.

Жерде жатқан өліктерге кейде шөп өсіп кетеді, сол шөптерге қарай отырып ботаник өсімдіктердің өсу мерзімін, демек, өліктің сол жерде жатқан мерзімін де анықтай алады.

Оқиға болған жерден табылған әр түрлі заттар: бас киімнің, аяқ киімнің, киімдердің фрагменттерінің, пышақ, кілт, газет қиындылары ж.т.б. заттардың адамға идентификация жасауда тигізетін маңызы ерекше болады. Сондықтан белгісіз өлікті тапқан жерде осындай заттар болса оларды міндетті түрде алу керек.

Өлген адамның кім екендігін анықтауда оқиға болған жерден табылған қан дақтарының да маңызы зор.

2001 жылдың мамыр айында Алматы қаласында Сот сараптамасы орталығында генетикалық сараптама зертханасының ашылуына байланысты қазіргі кезде оқиға болған жерден биологиялық айғақ заттарды алуға байланысты қойылатын талаптар күшейтілді.

Осы талаптарға сәйкес айғақ заттардың тұтастығы мен олардың басқа заттармен араласып ластануынан және олардағы ДНК–ны сақтау мақсатымен айғақ заттарды қарау, алу, орау және тасымалдау барысында мынандай ережелерді сақтау керек:

-                     ішінде ДНК бар болуы мүмкін деген айғақ заттарды қарағанда, алғанда, орағанда қолға резина қолғап кию керек;

-                     ішінде ДНК бар болуы мүмкін деген айғақ заттарға қол тигізбеу керек;

-                     айғақ заттарды және үлгілерді қарағанда, алғанда, орағанда оларды өзінің дене мүшелеріне де тигізбеу керек (бетіне, көзіне, мұрнына т.с.с. тигізбеу керек)

-                     айғақ заттарға организмнен биологиялық бөлінулер тиіп кетпеу үшін жөтелмеу,түшкірмеу керек;

-                     егер айғақ заттар дымқыл болса оларды таза жерде бөлме температурасында кептіру керек. Оларды күннің көзінде, жылу приборларының қасында кептіруге болмайды ;

-                     айғақ заттарды таза, бұрын қолдануда болмаған қағаз қалталарға салады.

Геномдық сараптама белгісіз өлікті оның жақын туысқандарының қандарына сараптама жасап салыстыру арқылы оған идентификация жасауға  мүмкіндік береді.

Біздің пікірімізше қазігі кезде белгісіз өлікті тапқан кезде жиналуға тиісті идентификациялық мәліметтерді жинауда елеулі кемшіліктерге жол берілген.

Міне осы бағыттағы жұмысты жақсарту үшін біз мынандай шараларды жүзеге асыруды ұсынамыз :

-                     ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып белгісіз өліктердің кім екенін анықтауға көмектесетін пәрменді инструкция жасап шығару ;

-                     Сараптама тағайындау қаулысында - өлім себебі, уақыты, жарақат түзілу механизмі т.с.с. сұрақтардан басқа міндетті түрде идентификация жасауға және бекітуге қандай мәліметтер жиналғаны жөнінде сұрақтар қою;

-                     Егер белгісіз өліктің қолындағы эпидермис қабатының бұзылуына байланысты саусақ іздерін алу мүмкін болмаса саусақтың папиллярлық бедерін қалпына келтіру үшін лабораториялық зерттеулер жүргізу үшін жағдай жасау;

-                     Белгісіз өлікті, оның киімдерін, әр түрлі заттарын суретке түсіруге түрлі-түсті фотопленканы пайдалану ;

-                     Белгісіз өлікті танытуға көрсету үшін суретке түсіргенде дәстүрлі сигналдық суретке түсіруден басқа бейнекамерамен әр түрлі бағыттан бейнетаспаға түсіру ;

-                     Адамның бетінің жұмсақ ұлпасы толық немесе жартылай жойылған болса оған оның бас сүйегі арқылы графикалық қайта құрастыру жүргізу ;

-                     Геномдық сараптаманың мүмкіншіліктерін пайдалану, яғни бұл сараптаманы жүргізу арқылы белгісіз өліктің қанын оның туысқандарының қанының үлгілерімен салыстыру арқылы оған идентификация жасау.

-                     Белгісіз өлікті қараудың өзіне тән ерекшеліктерін еске ала отырып, қажетті жағдайда Сот сараптамасы орталығының физика-техникалық бөлімшесінің мамандарын қарауға қатыстыру ;

-                     Осы бағытта жүргізіліп жатқан Ресей Федерациясы Ішкі Істер Министрлігінің медициналық-криминалистикалық бөлімдерінің және АҚШ, Ұлыбритания т.с.с.дамыған шет мемлекеттердің коронерлерінің тәжирбелерімен жете танысу ;

Сонымен қортындылап айтқанда кім екендігі белгісіз өлікке идентификация жасаудың нәтижелілігі оқиға болған жерді дұрыс қарау және қазіргі заманғы идентификалық әдістер мен зерттеулерді дұрыс жоспарлауға тікелей байланысты болады.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1.                Томилин В.В. Медико-криминалистическая идентификация. Изд." НОРМА" М. 2000 г.
2.                Грамович Г.И. Осмотр места происшествия. М. 1960 г.
3.                Грамович Г.И. Особенности осмотра неопознанных трупов. Минск, 1993 г.
4.                Қаракөбенов Қ. Сот медицинасы. Алматы, « Жеті жарғы ». 1996 ж.
5.               
Рақышев А. Анатомия терминдерінің қазақша-орысша-латынша сөздігі. Алматы, 1963 ж.