РУС

КАЗ

ENG

ПУБЛИКАЦИИ И ТРУДЫ

Учебные пособия
Статьи
Публикации в СМИ
Экспертные заключения
Свидетельства и патенты
Монографии
Отзывы и рецензии
Научные и иные проекты

 

Новая страница

Б.Ш. Сарсембаев., А.Б. Бекболат.

ЖАУАП АЛУ ЖӘНЕ ОНЫҢ КЕЙБІР ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Статистикалық мәліметтер көрсеткендей бүгінгі күні қылмыстық істер бойынша дәлелдемелердің 80% жуығы куәлардың, жәбірленушілердің берген жауаптарына негізделе отырып алынады.

Сондықтан да жауап алу сияқты тергеу әректтерінің маңыздылығына мұқият назар аудару керек.

Жауап алушы тұлға (тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот) жауап алудағы өзінің ерекше орнын сезініп, жоғарғы деңгейдегі кәсіби және адамгершілік қасиеттерін таныта білуге тиіс. Жауап алу қазіргі күні дәлелдеме жинаудың ең көп тараған тәсілі болып табылады және оны жүргізу тергеушіден жалпы және кәсіби мәдениеттілікті, адамдардың психологиясын терең білуді, жауап алудың тактикалық тәсілдерін жоғарғы деңгейде меңгеруін талап етеді.

Жауап алу арқылы жасалынған қылмыстың мән-жайлары жөнінде қажетті деректі мәліметтер алынып, олар қылмысты ашуға пайдаланылады. Әрбір істі жүргізу мақсатына қарай жауап алынатын адамнан жауап алудың сан алуан айла-тәсілдері бар, бірақ жауап алу қатаң түрде заңда көрсетілген тәртіп бойынша жүргізілуге тиіс. Жауап алғанда қылмыстық іс бойынша мүмкіндігінше неғұрлым барынша көп, әрі маңызды мәліметтерді жинап, осы тергеу әрекеттерінің сапасын арттыру үшін барынша ыңғайлы тәсілдерді қолдана отырып жүргізу қажет.

Жауап алу кезінде тергеуші жауап алынушы адаммен белгілі бір психологиялық қарым-қатынасқа түседі. Жауап алу процесін жүргізу кезінде бұл қатынасты екі жақты психологиялық қағидалар арқылы қарастыруға болады- психологиялық байланыс және психологиялық күрес.[1]

Психологиялық байланыс адамдар арасындағы кез келген қарым-қатынастар арқылы ақпараттар алудың негізгі шарты болып табылады.

Психологиялық байланыс жауап алу кезінде жауап алынушымен коммуникативтік байланыс орнатуға, оның тергеушіге деген эмоциялық сенімділігін арттыруға және осы іс бойынша көрсетулер беруге ықпал етеді.

Тергеуші мен жауап алынушының арасындағы байланыс деп бұлардың арасындағы жауап берушінің тергеушіге қажетті ақпараттарды мәлімдеуге итермелейтін психологиялық жағдайдың орнауын айтамыз.

Жауап алынатын адаммен психологиялық байланыс орнату үшін тергеуші ол туралы мынандай мәліметтер жинауы қажет: оның психологиялық ақыл құрылымы, моральдық қасиеттері, қызығушылығы, байланыстары және т.б.[2]

Жауап алуды тактикалық тұрғыдан қамтамасыз ету бастапқы мәліметтер жиналған соң ғана іске асырылады. Себебі тергеуші тактикалық айла тәсілдерді қолдану үшін өзі барлық мән-жайларды өте жақсы білуі керек. Жауап алу кезінде орынды сұрақ қоя білу тиімді жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл сұрақтардың қатарына толықтырушы,нақтылаушы еске түсіруші, бақылап тексеруші және әшкерелеуші сұрақтарды жатқызуға болады.

Толықтырушы және нақтылаушы сұрақтар әдетте алынған мәліметтерді толықтыру, нақтылау үшін, кемшіліктерді болдырмау үшін қойылады. Еске түсіруші сұрақтар жауап берушінің ойлау қабілетін арттырып, оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі есіне түсіруге көмектеседі. Бақылап тексеруші сұрақтар алынған жауаптарды тексеру үшін қойылады. Әшкерелеуші сұрақтар жауап берушінің жалған жауаптар беріп шындықты жасырып қалмақшы болған кезде кенеттен қойылады. Бұл сұрақтарды қою үшін тергеуші алдын-ала басқа да жауапқа қатысы бар дәлелдемелерді жинап жүйелеп алса, ыңғайлырақ болады.

Бірақ та, қойылатын сұрақтар жетекші болмауы керек, яғни сұрақтың өзінде сол сұрақтың жауабы болмауы тиіс. Әсіресе, бұны жас өспірімдерден жауап алған кезде ескерген дұрыс, өйткені ол тергеушінің өзі солай айтып тұрса, онда ол оның шын айтуы тиіс деп тұжырымдап қостай салуы мүмкін.

Жауап алу егжей-тегжейлі мұқият жүргізілуі қажет, ең күтпеген жағдайларға дейін қарастырып, олардың әрқайсысына айла-амал ойластырып қойған жөн. Тәжірибеде жауап алу кезінде қылмыстық іс бойынша дәлелдемелік заттарды көрсету арқылы шынайы жауаптарға қол жеткізу жиі кездеседі.

Әрекеттесудің екінші жағына – психологиялық күресті жатқызуға болады. Психологиялық тұрғыдан бұл қарым-қатынас олардың көзқарастарында қарама-қайшылықтардың бар-жоғына байланысты орнығады. Егер жауап беріп отырған адам өз еркімен шындықты, істің мән жайын толық айтып отырса, мұндай жағдай пікір қайшылығы жоқ жағдай деп саналды.

Ал, егер жауап беріп отырған адам жалған жауап беріп, істің кейбір мән-жайларын жасырып, айтқысы келмей жалтарса, мұндай жағдай келіспеушілік, яғни қайшылықты жағдай деп саналады.

Жауап алу кезінде психологиялық байланыс міндетті компонент болып табылады. Ал пікір қайшылығы жоқ жағдайда процесске қатысушылар арасында психологиялық күрес болмайды. Бірақта іс бойынша толық мәлімет алу үшін осы екі жағдайда да белгілі бір тактикалық әрекеттер қолданылады.

Бірінші жағдайда тергеу әрекеттері ұмытылып қалған оқиғаның кейбір мән-жайын жауап беріп отырған адамның есіне түсіруге бағытталса, екінші жағдайда тактикалық әдіс жауап беріп отырған адамның өтірігін шығарып әшкерелеп, оны шындықты айтуға мәжбүр етуге бағытталады.

Мұндай жағдайда айыпкердің өтірігін әшкерелеу үшін қолданылатын ең бірінші тәсіл-жауап беруші адамнан неғұрлым толық жауап алу, ұсақ оқиғалардың барлығын қамту болып табылады.

Біріншіден, бұл мұнда ең елеусіз сәттерге дейін ескеріліп, жауап алынуы, олар тексерілген кезде дәлелденбесе жауап беруші адамның өтірігін шығаруға көмектеседі.

Екіншіден, жауап беруші жалпы оқиға бойынша беретін жауабын алдын ала дайындап келгенімен сұрақтың бұлай қойылатынын білмегендіктен, ол жауап бергенде шатасып өз өтірігін өзі шығарып алады. Жауапкер адамның өтірік айтып отырғанын әшкерелеу үшін істе осы факті бойынша жиналған басқа дәлелдемелерді, заттай дәлелдемелерді барынша толық пайдалану керек.

Мысалы Б.Г. Розовский [3] жауап алынып отырған айыпталушының бірі шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер бере отырып, бірақ та ол тек қана шындықты айтып отырмын деп сендіріп отырса онда оған өзінің сыбайласының көзінше осы сөзді айтуды ұсыну керек дейді. Осы жауап алынып отырған адамның келісімімен жауап алу кезінде оның серігін кабинетке кіргізіп оған «Мен осы іс бойынша барлық шындықты айтым» деп айтқызып осыдан кейін серігін дереу алып шығып кету керек дейді.

Міне бұл жерде қарап отырсақ тергеуші жауап алынып отырған адамды алдап отырған жоқ, оған өзінің айтқан сөзін қайталату арқылы оның серігіне психологиялық әдістерді қолдана отырып шатастыру арқылы шындыққа сәйкес жауап алуға тырысады.

Ал керісінше кейбір ғалымдар мыс. И.Ф.Пантелеев, М.С. Строгонович жауап алудың психологиялық әдістерін қолдану тергеушілер үшін заңға қайшы және тыйым салынатын әрекет деп көрсетеді.[4]

Дегенмен жауап алудың психологиялық әдістері қаншалықты тиімді болғанымен ол заңда көрсетілген тәртіпке қайшы келмеуі керек.

Тергеу процесінде құқық бұзушылармен және басқа адамдармен кездесе отырып, тергеуші заң талаптарын түсіндіру жолымен, өзінің қарым-қатынасымен, түйсігімен, мәдениетімен, табандылығымен және алға қойған мақсатымен тергеліп отырған адамға шындықты айтуына ықпал жасауы тиіс.

Сонымен қатар, қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу жүргізудің сапасын арттыру үшін тергеушілерді мамандандыру қажет.

Белгілі бір санатқа арналған жүйелі тергеу жұмыстары тергеушілердің кәсіби деңгейінің жоғарылауына жағдай туғызады әрі қылмысты жасауға итермелейтін барлық себептер мен шарттарды терең, толық және жан-жақты зерделеуге, қылмысқа қарсы күрестің неғұрлым оңтайлы алдын алу шараларын таңдап алуға мүмкіндік береді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Ратинов А.Р. Судебная психология для следователей. – М. 1987.
2. Соловьев А.Б., Центров Е.Е. Допрос на предварительном следствии. – М. 1986.С.9.
3. Розовский Б.Г. Допрос обвиняемого. – Ровно 1979.с.10.
4. Карнеева Л.М. Судебная этика и тактика допроса.- Советская милиция, 1976, № 4.