РУС

КАЗ

ENG

ПУБЛИКАЦИИ И ТРУДЫ

Учебные пособия
Статьи
Публикации в СМИ
Экспертные заключения
Свидетельства и патенты
Монографии
Отзывы и рецензии
Научные и иные проекты

 

Новая страница

 

КРИМИНАЛИСТИКАДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫ АШУДЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ӘДІСТЕРІ

 

Б.Ш. Сарсембаев

Қарағанды экономикалық университетінің экономикалық және құқықтық зерттеулер институты., х.ғ.к.

 

Криминалистикалық білімнің жаңа, дәстүрлі емес бағыттары құқық қорғау органдарынан криминалдық күштердің жасап жатқан қылмыстарының жаңа түрлерін ашу, олармен күресудің жаңа әдістерін жетілдіруді талап етеді. Бұл процесс қылмыстық іс жүргізуге бұрын қылмыстық іске қатысы жоқ деп саналатын объектілерді қарастырумен тығыз байланысты.

Кейінгі кезде, құқық қорғау органдарының криминалистиканың қылмыспен күресудегі жаңа ғылыми-техникалық негіздеріне сүйенуі кездейсоқ емес. Өйткені қазіргі кезде қылмыскерлерде өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыруда ғылыми-техникалық жетістіктерді кеңінен қолдануда.

Міне, осы себептен біз осы мақалада кейінгі кездері шет елдерде және көрші Ресей мемлекеттерінде қолданылатын және қолданыла бастаған қылмысты ашудың дәстүрлі емес әдістерін қарастыруды жөн көрдік.

Криминалистикалық полиграфология.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында белгілі кеңестік барлаушы Рудольф Абелдің әшкереленуіне сол кезде онша белгілі емес полиграф аппаратының қолданылуы себепкер болды. Бұл жерде айта кететін жағдай, Абел жауап беруден үзілді–кесілді бас тартты, міне сол себептен американдық қарсы барлау қызметкерлері тіпті оның қай мемлекетке жұмыс істейтінін де білмеді.

Американдық қарсы барлау қызметкерлері оны бір қараңғы бөлмеге отырғызып, денесіне әр түрлі датчиктерді бекітіп Жапония, Израил, КСРО сияқты көптеген мемлекеттердің әр түрлі географиялық орындарының түрлі-түсті слайдтарын көрсетті. Міне, осы кезде Кеңес Одағының суреттерін көрсеткен кезде Абел аппаратқа физиологиялық әсер беріп өзінің қай мемлекетке жұмыс істейтінін білдіріп алды [1, 142 б.].

Осыдан кейін Кеңестер Одағының МҚК (КГБ) полиграфты қолдануды жедел түрде қолға ала бастады.

Жалпы алғанда, грек тілінен аударғанда полиграф «көптеген жазулар» деген мағынаны білдіреді. Полиграфиялық қондырғы эмоция пайда болғанда жүретін бірнеше (16-ға дейін) физиологиялық процестерді бір мезгілде тіркеуге мүмкіндік беретін көпсалалы приборға жатады [2].

Белгілі бір эмоциялық жағдайда адамның дем алысы, қан қысымы, биотоғы (мидың, жүректің, т.с.с.) өзгеріске ұшырайды.

Осы өзгерістерді полиграф аппаратының көмегімен анықтап тіркеуге болады.

Бұл приборлар медико-биологиялық зерттеулерде, клиникалық медицинада, қолданбалы психофизиологияда қолданылады.

Сонымен қатар, бұл қондырғының жиі қолданылатын бағытына жалғандықты детекциялауды жатқызуға болады.

Арнаулы психофизиологиялық зерттеулер күрделі, көпсатылы процедураларға жатады. Бұл жерде полиграф адамға берілген ақпараттарға оның организмінің тез арадағы реакциялық әсерін тіркейтін прибордың рөлін атқарады.

Айта кететін жағдай, бұл приборлар сыналатын адамның денсаулығына ешқандай зиян келтірмейді және қауіпсіздік техникасына толық жауап береді.

Американдық полиграфтық операторлар Ассоциациясының мәліметтеріне қарағанда қылмысты зерттеуге полиграфты қолданған кезде 87-90 % оң нәтижелер алынған [3 ].

Қазіргі кезде полиграфты қолдану арқылы ақпараттар алудың екі бағытын атап көрсетуге болады:

1)     дәстүрлі - контактылық, яғни сыналушының денесіне датчиктерді қосу арқылы зерттеу;

2)    контактылық емес, бұнда сөздің кейбір сипаттамаларының өзгеруіне немесе сыналушының физикалық көрсеткіштерінің өзгеруіне байланысты (мыс. психологиялық стресс анализаторлары және т.с.с) жүргізілетін зерттеулер.

 Осы әдістердің біреуін немесе оларды кешенді түрде қолдану - сыналушы адамның белгілі бір сұрақтарды қойған кезде приборда тіркелетін реакциялық өзгерістерін жазып, бекітуге мүмкіндік береді.

Аталмыш қондырғыны қолдану арқылы мынандай міндеттерді шешуге болады:

-         қылмыстың алдын алу, ашу, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызығушылығын тудыратын тұлғаларды анықтау;

-         тергеу мен сот органдарынан жасырынып жүрген тұлғаларды іздестіруге қажетті ақпараттарды жинауға және өңдеуге;

-         шұғыл-іздестіру шараларын дайындауға және жүргізуге;

-         құқық қорғау органдарында қызмет істеуге үміткерлерді таңдау, және басқа да кадрлық мәселелер.

Басқаша айтар болсақ, полиграф аппаратында сынау кезінде қойылған сұрақтарға сыналушы әр түрлі әсерлер береді, ол, мысалы, ритмикасының өзгеруі, дем алу амплитудасының өзгеруі, пульсінің ақырындауы немесе жиілеуі, артериальдық қан қысымының және тері қабатының электрлік кедергісінің ауытқушылығы түрінде көрініс береді.

Қандай да бір болмасын қойылған осы немесе басқаша сұрақтарға айқын көрінетін әсер беру, белгілі бір субъективтік себептердің салдарынан осы сұрақтың оған қойылған басқа сұрақтарға қарағанда маңыздылығын көрсетеді.

Бұл жерде оператор сыналушыға қандай сұрақ эмоционалдық әсер бергенін айқын көріп, жазып тіркей алады.

Қазіргі кезде алыс шет елдерді айтпағанда, көрші Ресей мемлекетінде полиграфты қолдану өте қарқынды дамуда. Атап айтар болсақ, ФҚК (ФСБ), ІІМ (МВД), СБҚ (СВР), ТЖМ (МЧС), салық және кеден органдарында және Қорғаныс министрлігінің кейбір бөлімдерінде міндетті түрде полигафиялық тексерістен өту туралы инструкциялар қабылданған. Сондай-ақ, жеке бизнес саласында да полиграфты қолданушылар саны өсіп келеді.

Ал енді біздегі, Қазақстандағы жағдай қалай?

Бұл жөнінде айтар болсақ, біздерде де кейінгі кездері құқық қорғау органдарында полиграфты қолдану кеңінен дами бастады.

Полиграфты қолдану басқа да криминалистикалық құралдар мен әдістерді қолданудағы сияқты белгілі бір құқықтық негіздерге сүйенуді талап етеді.

Қылмыстық-іс жүргізу заңдарында дәлелдемелерді жинау, бекіту, алу үшін техникалық құрал-жабдықтарды ғана емес, бұл үшін білімнің әр саласындағы мамандарды да тартуды қарастырған. Бұл жерде, міндетті түрде ғылыми-техникалық құралдарды қолдануды рұқсат ету жағдайлары қарастырылады.

ҚР ҚІЖК 129 бабы қылмысты тергеу органдары ғылыми-техникалық құралдарды қолдана алады, және бұл үшін білімнің әртүрлі саласындағы мамандарды тарта алады деп көрсеткен.

Алайда, не заңда, не заңдық күші бар актілерде қылмысты ашу мен тергеу үшін қолданылатын техникалық құралдар мен тактикалық тәсілдердің нақты бекітілген тізімі көрсетілмеген [4, 110 б.]. Ал, криминалистикада, қылмысты тергеу барысында қолданылатын техникалық құралдарды пайдаланудың: заңдылық, ғылыми дәлелділік, тиімділік, қауіпсіздік және этикалық қағидалары жалпы тұжырымдалған.

Сондықтан, қазіргі кезде Қазақстанда полиграф шұғыл іздестіру шараларын жүргізу аясында қосымша дәлелдемелік материалдар алу үшін қолданылуда.

Полиграфологиялық зерттеулерді жүргізудің негізгі аспектісі азаматтардың жеке басына тиіспеушілік туралы конституциялық құқығын бұзбау болып табылады. ҚР Конституциясының 17 және 18 бабы адамның жеке басының абыройына, жеке өміріне және жанұялық құпияларына қол сұқпаушылығын декларациялаған. Осыған сәйкес, бірде бір тұлға өзінің келісімінсіз ғылыми, медициналық немесе басқаша да зерттеулердің объектісі бола алмайды. Біздің осы қарастырып отырған жағдайымызда да полиграфиялық зерттеулер жүргізу үшін сыналатын адамның жазбаша келісімін алу қажет.

Криминалистикалық гипнология

Жалғандықты және қателесуді анықтаудың дәстүрлі емес әдістерінің біріне бізде және көрші Ресей мемлекеттерінде ресми қабылданбаған және заңдастырылмаған, бірақ кейбір шет елдерде қолданылатын, ақпарат иесін гипноздық жағдайға енгізу арқылы одан жеке мәліметтер алу әдісі жатады.

Гипноз деп адамдардың сыртқы сендіруге жоғары сезімтал, жасанды ұйқыдағы күйін айтамыз [5].

Гипноз техникасы ақпараттарды алу (гипно сұрау, гипно жауап алу), хабарламаларды құпия түрде жіберу, қандай да бір болмасын әлеуметтік ортаға жалған хабарлар тарату, гипноздық жағдайға келтірілген тұлғаның еркін белгілі бір істерді жасауға бағдарламалау және тағы да басқа мақсаттар үшін қолданылады.

Гипноз психологиялық құбылыс және коммуникативтік әсер ету құралы ретінде құқық бұзушылық немесе конструктивтік, адамгершілік мақсаттарда қолданылуы мүмкін [6].

Шет елдік криминалистикада гипнозды дәлелдемелерді жинау үшін қолдану тәжірибесі қалыптасты. Әлемдік тәжірибелерде зорлау қылмысын гипноздық сеанстарды қолдану арқылы ашудың көптеген мысалдары бар.

Шет ел баспасөздерінің көрсеткеніндей гипнозды қолдану арқылы жасалған қылмыс туралы 65-90% жаңа мәліметтер алуға болады екен, ал полиция тергеушілерінің пікірінше, 90% тергелетін қылмыстар, егер гипнозды қолданбаса ашылмайды екен.

Қазақстанда гипноздық жағдайдағы адамнан жауап алу заңдастырылмаған. Сондықтан криминалистикалық гипнология саласындағы маманның көмегі жауап алуға немесе қандай да бір болмасын тергеу әрекеттерін жүргізуге дайындық ретінде көрсетілуі мүмкін. Осы сеансты қолдану арқылы алынған ақпараттардың заңдық күші болмайды, бірақ оларды бағдарлаушылық сипатта қолдана алады.

Криминалистикалық психолингвистика

Адамның жазба немесе ауызша сөзі сан алуан белгілеріне байланысты ақпараттардың бай көзіне жатады. Міне, осы себептен ғалым-криминалистердің, психологтардың, лингвистердің, сондай-ақ, анықтау органдарының қызметкерлерінің, тергеушілердің дәстүрлі түрде осы объектілерге зор көңіл бөлуі тегін емес. Қылмысты ашу, қылмыскерлерді әшкерелеу, қылмыстың алдын алу үшін сөздік ақпараттар кеңінен қолданылады. Жазбаша және ауызша сөздерді зерттеу криминалистиканың жеке бір саласы автортану және фонология (фоноскопия) ғылымдарымен жүргізіледі.

Криминалистикалық психолингвистика ғылымның жаңа бір саласы ретінде психология мен лингвистиканың тоғысқан жерінде пайда болды.

Психолингвистикалық әдістің отаны деп АҚШ саналады, себебі осы тақырыптағы тұңғыш мақала ФБР –дің Бюллетенінде 1979 жылдың қыркүйек айында жарыққа шықты [7].

Психолингвистикалық анализдің негізгі объектілеріне жазбаша (қолжазба, машинкада және т.б. әдістермен жазылған мәтіндер) ауызша хабарламалар жатады. Осы ақпараттар, мәтіннің авторын (егер тексеріліп отырған адам және оның жазған жазуының салыстырмалық үлгілері болса) анықтауға сондай-ақ кешенді диагностикалық, басқа да танымдық мәселелерді шешуге көмектеседі.

Алынған нәтижелер мәтінді жазған немесе осы дыбыстық ақпараттың белгісіз авторын анықтау үшін іздестіру портретін құрастыруға мүмкіндік береді. Осы ақпараттар арқылы оның жасын, жынысын, білім деңгейін, географиялық және этникалық ортасын, қандай қызмет істейтінін анықтауға болады. Бұл мәліметтер ауызша және жазбаша сөздердің сөздік қорларына, синтаксис, акцент және тағы да басқа да ерекшеліктеріне талдау жасау арқылы анықталады. Бұдан басқа ұқсас объектілердегі анықталған ерекшеліктерін салыстыра отырып, осы сөз бір адамдікі ме, жоқ әлде әр түрлі адамдардікі ме екендігін анықтауға болады.

Криминалистикалық хронобиология (биоритмология).

Тәжірибе көрсеткендей, айыпкер әр түрлі психологиялық жағдайда түрлі көрсетулер береді.

Ғалымдардың айтуынша, адамда болатын әр түрлі биологиялық процесстерді көрсететін жүзден аса биологиялық ритм бар. Бұларға ұйқы мен сергектіктің тәуліктік ритмі, дененің температурасы, жүрек-тамыр жүйесінің жұмысы және тағы басқаларды жатқызуға болады. Циклі айлар немесе жылдарды құрайтын биоритмдер де болады. Бұлардың көбі күннің сәуле шашуының ритмикалық әсеріне, айдың фазаларына, жердің электромагниттік тербелістерімен тікелей байланысты болады. Мысалы, көптеген елдердің зерттеушілері геомагниттік белсенділік артқан кезде психиатриялық емдеу орындарында аурулардың сандары артып, өз-өзіне қол жұмсаушылық пен кейбір қылмыстардың саны артады деген қорытындыға келген. Сондай-ақ, айдың фазалары мен қасақана кісі өлтіру процесстерінің арасында өзара байланыс бар екендігі де анықталды.

Хронобиология саласындағы мамандардың зерттеулерінің көрсеткеніндей, белгілі бір уақыт аралығында адамның психиялық әлсіздігі артады, оның бейімделушілік және иммундық мүмкіншіліктері төмендейді. Осы себептен тергеудегі тұлғаның психофизиологиялық функциялары өзгеріске ұшырайды. Мұндай өзгерістерді қылмысты тексеруді ұйымдастыруда және ақпарат көздерімен тактикалық міндеттерді шешуде орынды қолдану өзінің оң нәтижелерін береді.

Көрші РФ 1984 жылдан бастап айыпкерлерді биоритмология мәліметтеріне сүйене отырып тергеудің табысты тәжірибелері қолданылып келеді. Әрине, мұндай жауап алу барысында алынған мәліметтер өте маңызды болып саналады. Міне, осы айтылғандарға сүйене отырып – криминалистикалық биоритмологияны аталған білім саласындағы болашағы үлкен сала деп айтуға болады.

Қорыта келгенде, айтарымыз тәуелсіз Қазақстан мемлекеті өрелі өркениет көшіне ілесіп, ақпараттық технологиялар дәуіріне аяқ басты.

Осы жоғарыда көрсетілген криминалистикадағы жаңа бағыттар байсалдылықпен оқып-зерттеуді талап етеді, ал осындай әдіспен алынған мәліметтер дау туғызбайды деп айта алмаймыз. Алайда, есте ұстайтын жәйт, қазір бүкіл дүние жүзі ғылыми-техникалық даму бағытына бет бұруына байланысты біздерге де криминалистика ғылымының даму бағытының болашағын ескере отырып, үлкен көштен қалмау керек.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.      Образцов В.А, Богомолова С.Н. Криминалистическая психология.

Юнити‑Дана, Закон и право; 2002. -142 б.

2.     Ларин А.М. Криминалистика и паракриминалистика. - М.: БЕК, 1996.

3.     Новые направления исследований в криминалистике. http://www.google.kz/webh

4.     Белкин Р.С. Криминалистика: проблемы, тенденции, перспективы. Общая и частные теории. - М., 1987. - С. 110.

5.     Қазақ Совет энциклопедиясы. – Алматы., 1973, 3 т.312 б.

6.     Гримак Л. Гипноз и преступность. М., 1997.

7.     Образцов В.А. К вопросу об интеграции и дифференциации знаний в криминалистике // Кримтехника. – М., 2000. – С. 270‑273.